1939-1979 жж. Аралыындаы азастанны ауыл-село трындар саны мен рамындаы згерістерді зерттеу

Автор: Закирьянов А.К., Досекеева Г.А., Алдекен А.С.

Журнал: Вестник Алматинского технологического университета @vestnik-atu

Рубрика: Социально-гуманитарные науки

Статья в выпуске: 3 (104), 2014 года.

Бесплатный доступ

Мақалада 1939-1979 жж. аралығындағы Қазақстанның ауыл-село тұрғындары, олардың саны, ұлттық құрамы туралы мәселелер қарастырылады. Мақалада Кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстанда жүргізілген демографиялық саясатқа талдау жасалады. Тақырыптың өзектілігі, осы кезеңдегі демографиялық саясат Қазақстан тарихнамасында аз зерттелген. Қазақстандағы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылықтан кейінгі қиын кезеңді зерттеу мақаланың мақсаты болып табылады. Бұл кезеңді зерттеу Қазақстандағы этнодемографиялық мәселелерді болжауға мүмкіндік береді. Қазақстандағы 1939-1979 жылдардағы ауыл мен село тұрғындарының саны мен құрамындағы өзгерістерге ерекше көніл бөлінді. Осы мәселемен мақаланың ғылыми жаңалығы мен өзектілігі нақтыланады.

Еще

Короткий адрес: https://sciup.org/140205033

IDR: 140205033

Текст научной статьи 1939-1979 жж. Аралыындаы азастанны ауыл-село трындар саны мен рамындаы згерістерді зерттеу

Кіріспе

Демография ғылым ретінде қоғамның ең өміршең және бастапқы қажет тіршілігін, атап айтқанда – халықтың саны, өсіп-өнуі мен сақталып дамуын, өлім-жітімі мен жыныстық құрамын, жас аралық деңгейі мен білім дәрежесін зерттейді. Демография мемлекеттегі әлеуметтік, денсаулық сақтау, экономикалық, құқықтық, білім мен мәдениет сияқты ішкі және сыртқы факторлармен жүйелі түрде, тығыз байланысты. Демографиялық саясат нарық заңдылықтарын ескере отырып – Мемлекеттік дамуды, қоғамдық ахуалды және ең негізгісі ұлттық мүддені қамтамасыз етуге тиіс. Ол үшін өткен тарихымызды, ондағы халықтың саны мен өсімін, сол арқылы болашағын зерделей білу керек.

Зерттеу нысаны мен әдістері

1939 жылы КСРО-да санақ жүргізілгені тарихтан жақсы мәлім. Санақ нәтижесі бойынша Қаз КСР-ындағы халықтың саны арнайы қоныстанушылар мен эвакуацияланғандарды қоспағанда баспа-бас барлық тұрғындар – 6145937 адамды құрады, осының ішінде ерлер – 3200011, әйелдер – 2945926. Қалалы қоныстарда тұратындар – 1706150, осының ішінде ерлер – 888587, әйелдер – 817563, ауылды жерлерде тұратындар – 4439787, осының ішінде ерлер – 2311424, әйелдер – 2128363 адамнан тұрды [1].

Кесте 1 - 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамы: [2].

Ұлттар

құрамы

% көрсеткіші

қазақтар

2327652

38,8%

орыстар

2458687

40,0%

немістер

92571

1,5%

украиндар

658319

10,7%

өзбектер

120655

2,0%

татарлар

108127

1,8%

белорустар

31614

0,5%

ұйғырлар

35409

0,6%

азербайжандар

12996

0,2%

корейлер

96453

1,6%

1939 жылғы санақ қорытындысы бойын-ша халқының саны ең көп облыс – Оңтүстік Қазақстан облысы, онда – 745303 тұрғын болды. Екінші орында Алматы облысы, онда (Алматы қаласын қоспағанда) – 568270 тұрғын. Халқының саны ең аз Павлодар облысы, онда – 249994 тұрғын болды. Осы санақ мәлімет-терінің қорытындысы бойынша ауыл халқының саны ең көп облыс Оңтүстік Қазақстан облысы, онда 558760, осының ішінде ерлер – 302091, әйелдер – 256669 адам. Ауыл халқының саны жөнінен ІІ орында Алматы облысы. Ауыл тұрғындарының саны ең аз облыс сол кездегі Гурьев облысы, онда барлығы – 174298 тұрғын, осының ішінде ерлер – 89974, әйелдер – 84324 тұрғын халық өмір сүрді.

1939 жылғы Бүкілодақтық санақ бұған де-йінгі санақтан он үш жылдан кейін жүргізілді.

20-жылдардың аяғынан бастап елдің демографиялық дамуында келеңсіздік бел ала бастады. Елдегі қайта құру процестері барлық өзінің қателіктерімен негізінен адам ресурстары есебінен жүргізілді; нәтижесінде 30-жылдары орасан адам шығындары тіркелді. Осыған байланысты 1933 жылға жоспарланған санақ үш рет кейінге қалдырылды, алдымен 1935 жылға, кейін 1936 жылға, нәтижесінде тек 1937 жылы ғана жүзеге асырылды.

1937 жылғы жүргізілген санақ де-мографиялық дамудағы келеңсіз, жекелеген аймақтарда апатты жағдайды ашты. КСРО кезеңіндегі жүргізілген идеология бойынша тұрғындардың санының өсуі үгіттеліп, насихат-талып отырған жаңа құрылысқа сай болу керек еді, мұнда өлім азайып, туу көтеріліп, өмір сүру жасы өсуге тиіс болатын. Нәтижесінде, санақ- тың қорытындысы өмір сүріп, социалистік құ-рылыстың артықшылықтарын дәріптеп отырған ресми идеологияға қарама-қайшы болғандық-тан, оның мәліметтері КСРО СНК-ның 1937 жылғы 25 қыркүйектегі арнайы қаулысымен ақауы бар, санақты жүргізген ұйымның жұмы- сы қанағаттанарлықсыз деп жарияланып, оның көптеген басшылары репрессияға ұшырады.

1926 жылы жүргізілген халық санағы бойынша барлық тұрғындар саны – 6073979, оның ішінде қалалы қоныстарда тұратындар – 519074, ауылды жерлерде тұратындар – 5554905 адам болды.

Кесте 2 - Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамы: [3].

Ұлттар

құрамы

%көрсеткіші

қазақтар

3627612

58,5%

орыстар

1275654

20,6%

немістер

51094

0,8%

украиндар

860201

13,9%

өзбектер

129399

2,1%

татарлар

79758

1,3%

белорустар

25584

0,4%

ұйғырлар

62313

1,0 %

азербайжандар

46

0,0 %

корейлер

42

0,0 %

1926 жылғы санақ мәліметтері бойынша қалалы қоныстарда тұратындар – 519074 тұрғын, ауылды жерлерде тұратындар – 5554905 тұрғын болды, яғни 6 миллионнан астам халықтың, жарты миллионнан сәл астамы ғана қалалы жерлерде тұрды. Соның ішінде қазақтардың қалалы жерлерде тұратындары – 73797, ауылды жерлерде тұратындары – 3501501 болды. Орыс-тардың қалалы жерлерде тұратындары – 278509, ауылды жерлерде тұратындары – 968287, неміс-тер қалалықтар – 2685, ауылды жерлерде тұра-тындар – 47077, украиндар қалалықтар – 31034, ауылдықтар – 788442, өзбектер қалалықтар – 53262, ауылдықтар – 76137, еврейлер қала-лықтар – 3316, ауылдықтар – 183 тұрғын болды.

1926 жылғы санақ қорытындысы бойынша халқының саны ең көп облыс – Алматы облысы, онда 681355 (Алма-Ата қаласының тұрғындарын қоспағанда) тұрғын болды. Екінші орында тұрған Оңтүстік Қазақстан облысы, онда – 609984 (облыс орталығын қоспағанда) адам. Халқының саны ең аз облыс, сол кездегі Гурьев облысы, онда 253886 тұрғын халық болды.

1926 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақ ұлтының жүз мыңға жетпейтін бөлігі ғана қалалы жерлерде тұрғанын көреміз.

1926 және 1939 жж. санақтың мәлімет-терін салыстырар болсақ, екі санақ арасындағы 13 жылда Қазақ Кеңестік социалистік рес-публикасындағы халық санының өспегенін байқаймыз. Қазақ ұлты өсімтал халық ретінде ұрпағын дүниеге келтіргенімен, бұл жылдар арасындағы халықтың орасан шығынға ұшыра-

ғаны тарихтан белгілі. Қазақтар Қазақстанда 1926 жылы басқа ұлттармен салыстырғанда 58,5% дан, 1939 жылы 38,8% ға төмендеп, орыстардың 40,0% ға жеткенін көреміз.

Бұл БК (б) П ХV съезінің 1927 жылы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялағанынан басталған болатын. Күшпен ұжымдастыру, отырықшыландыру және орта-лыққа ет тапсыру науқанының қасіреті (19321933 жж.) еді.

Осы ашаршылық жылдары демограф М.Тәтімовтың айтуынша 2,5 миллион адам қаза болды, оның 2,3 миллионы тек қазақтар еді [4]. Кейбір Қазақстан демографтарының 1926 және 1939 жж. санақ мәліметтеріндегі тұрғындардың жас ерекшеліктеріне байланысты зерттеулерге сүйене отырып жасаған қорытындысы бойын-ша Қазақстанда 1798,4 мың қазақ, немесе 1930 жылғы қазақ тұрғындарының 46,8% ашаршы-лықтың құрбаны болған. Сондықтан 1929-1933 жылдарды тарихшылар демографиялық катастрофа жылдары деп көрсетеді.

КСРО кезеңінде қазақ халқына байла-нысты жүргізілген саясат мақсатты бағытталған геноцидтің құрамдас бөлігі болды. Сондықтан да Қазақ КСР халқы оның ішінде көбінесе ауыл тұрғындары жаппай аштыққа ұшырады.

Бұл аштыққа 1925 – 1933 жж. Қазақстан өлкелік партия комитетін басқарған Ф.И.Голощекиннің де қатысы болды. Аштықтан ең көп қырылған республиканың шығыс аудандарының қазақтары болды, ол бүгінгі күнгі Шығыс Қазақстан облысы. Бұл аймақтағы шығын ─ 370,8 мың адамды немесе

1930 жылғы қазақтардың ─ 63,5% құрады. Сондықтан бұл аймақта басқа жаққа ауа көшу басым болды, ең бірінші кезекте Ресей Федерациясына және Қытайдың шекаралық аудандарына. Қазақ тұрғындарының жартысынан астамы аштыққа ұрынған Солтүстік Қазақстан болды, онда ─ 400,9 мың адам немесе ─ 51,4%, ол қазіргі Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Батыс Қазақстан бүгінгі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау аймағы ─ 385,5 мың қазақтарды немесе ─ 44,3% халқын жоғалтты. Оңтүстік Қазақстан – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары – 618,4 мың немесе ─ 42,2% тұрғындарынан айрылды. Салыс-тырмалы түрде жергілікті халқы аз шығынға ұшыраған аймақ Орталық Қазақстан бүгінгі Қарағанды облысы, онда ─ 22,5 мың адам немесе аймақтың ─ 15,6% шығын болды. Әсіресе аштыққа ұрынған көшпенді қазақтар болды, 200 мыңға жуық қазақтар – Қытай, Монғолия, Үндістан, Ауғанстан, Иран және Түркия елдеріне көшіп кетті.

Қазақ жеріндегі 1931 – 1933 жылдардағы ашаршылық бұл бүкіл халық басына келген апат екендігі туралы 1993 жылы Алматы «Өнер» баспасынан шыққан З. Қыстаубаев пен Б.Хабдинаның «Қызылдар қырғыны» атты еңбекте жақсы баяндалады. Мұнда осы жылдардағы аштыққа байланысты тарихшылар М. Қозыбаев, Қ. Алдажұманов, Т. Омарбековтің мақалалары мен осы аштықты көздерімен көріп, ішінде жүрген адамдардың естеліктері берілген.

Аштықты тоқтатуға немесе ең болмаса ашығып жатқан адамдарға көмектесуге ұмтылған қазақ зиялы қауым өкілдері болды. Солардың ішінде Т.Рысқұловтың хатын мысалға келтіруге болады. Ол өз хатында соңғы деректер мәліметтерін келтіре отырып, қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге дәлірек айтқанда Волганың орта ағысына, Қырғызстанға, Батыс Сібірге, Қарақалпақстан-ға, Орта Азияға көшіп кетіп жатқанын айтқан, бұл Қазақстандағы болып отырған алғашқы жағдай екенін және бұл әншейіндегі жыл маусымдарының ауысуына байланысты қазақтардың үлкен қашықтыққа көшетін көші емес, бұл ашыққан адамдардың азық табу үшін босып қашуы екендігі айтылған. Жекелеген аймақтарда тұрғындардың 40-50%-ға жуығы көшіп жатқанын, олардың жағдайының аса ауырлығын олар қолда бар ең соңғысын сатып кетіп жатқанын айтқан.

Көштің ең апатты нәтижесі қазақ тұрғындарының ашығуымен 1932 жылдың басында басталған жұқпалы ауруларға ұшы-рауы еді. Ашыққан адамдардың жабайы шөп-тердің тамырларын жеп жатқанын "... ит және мысықтар жеп жатыр, олардың сүйектері әр жерлерде шашылып жатыр ... бірақ ең сора-қысы адамдардың бірін-бірі жеп жатқандығы туралы хабар барын" жазады. Және, ең ауыры ашыққан балаларының даусына шыдамай әйелдер өз балаларын суға лақтырып жіберген жағдайлардың болғанын жазған. Одан ары Т.Рысқұлов ашыққан халыққа көмектесу жолдарын көрсетіп, шаралар жүргізуді сұрағанымен, оның бұл жан айқайы жауапсыз қалды. Және осы жылдары Т. Рысқұловтан да басқа қазақ қоғам қайраткерлері халыққа көмек көрсетуге ұмтылғанымен ол әрекеттер көбіне нәтижесіз қалды. Бұл аштықтан қырылған халықтың санын қалпына келтіру үшін жергілікті ұлт өкілдеріне көптеген ұзақ жылдар қажет болды.

КСРО-да келесі жүргізілген шара ол репрессия науқаны болды. 1939 жылдың қарсаңында болған 1937 – 1938 жж. саяси қуғын-сүргін көптеген отбасыларға, әсіресе зиялы қауым өкілдеріне үлкен қайғы-қасірет әкелді. Аманжолов К.Р. “1937 – 1938 жж. ГУЛАГ лагерлерінде жүз мыңдай қазақстан-дықтар болды, оның 27 мыңнан астамы атылып кетті”─ деп көрсетеді [5].

Кеңес үкіметінің, Коммунистік партиясы-ның жүргізген осындай шараларының нәтиже-сінде 1926 – 1939 жж. санақ аралығындағы 13 жылда Қазақ КСР-ында халықтың саны 71958 адамға ғана өсті. Жергілікті тұрғындардың саны 1926 жылғы 3627612 адамнан 1939 жылы 2327652 Қазақстандағы барлық тұрғындарға шаққандағы 58,5% үлестен 38,8%-ға, яғни шамамен 1300 мың адамға азайып кетті.

Бұл 1939 жылдың қарсаңындағы жергілікті ұлт өкілдерінің этнодемография-лық жағдайы еді. Осы іс-шаралар болашақ-тағы демографиялық дамуға үлкен әсер еткенін атап өткеніміз дұрыс.

Қазақстан тұрғындарының құрылымы-на үлкен әсер еткен КСРО тарихында Ұлы Отан соғысы деген атпен қалған дүние жүзі тарихына ерекше ықпалы бар ІІ дүниежүзілік соғыс болды.

Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1200 мыңға жуық адам майданға, 700 мыңнан астам адам еңбек армиясына аттанды [6]. Республикадан майданға және қорғаныс жұ-мыстары үшін мобилизациялау жоғары болды, бұл әрбір төртінші қазақстандық аттанды деген сөз. Шараның негізгі себебі деп тарихшы-ғалымдар экономиканың аграрлық сипаты, халықтың арасында шаруалардың салмағының көптігі және ауыл шаруашылығында механизатор-жүргізушілерді броньдау тәжірибесінің кеш енгізілуі болды деп көрсетеді. Денсаулығы мықты, еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың осындай орасан бөлігінің азаюы жұмыс күші көзінде дисбаланс туғызды. Бұл әсіресе аграрлы өндіріс саласына тиісті еді. Жұмыс күшінің сапасы сипаты жағынан үлкен өзгеріске ұшырады. Майданға ауыл-село тұрғындарының тек еңбекке қабілетті бөлігі ғана емес, оның арнайы маман-кадрлары механизаторлар, жүргізушілер және т. б. жіберілді. Ауыл тұрғындарының еңбек көзінің құрылымы жыныстық жағынан өзгерді. Әйелдер мен балалар еңбегі жаппай бұқаралық сипатта тартылғандықтан бұл ұжымшар экономикасына әсерін тигізбей қоймады. Әйелдер, қарттар мен балалар ұжымшар өндірісіндегі негізгі қозғаушы күшке айналды. Қазақстанның МТС, ұжымшарлары, кеңшарлары майдан мұқтаждығына 7416 трактор, 90% жүк машиналарын, 110 мың бас жылқы берді. Аталған цифрлардан біз бұл Қазақстан ауыл-селоларындағы қолдағы бардан жоғары көрсеткіш екенін байқаймыз. Қалған техниканы ұстаханаларда жөндетіп отырғанымен, ол кезегімен істен шығып қалды. Осындай жағдайда соқаға өгіздер мен жылқылардың кейде тіпті сиырдың жегілуі табиғи процесс еді. Өндіріс ісіне қатысушының еңбек күшін қажет еткендіктен бойындағы бар қуатын сарқа беруге мәжбүрлігін туғызды. Ауыл-селолардағы еңбек әскери тәртіпке көшірілді. Техниканың азаюы, еңбекке ақы төлеудің құлдырауы, ал көптеген ұжымшар-ларда мүлдем төленбеуі, ұжымшарлықтардың малдарын күшпен контрактациялау, соғыс салықтарының енгізілуі, міне осының бәрі соғыс жылдарындағы Қазақстан ауыл-село тұрғындарының жағдайын сипаттайтын еді.

Мүмкіндігі бар және мүмкін емес жоспарлардың енгізілуі жұмыс күнін көптеген сағаттарға ұзартты. Ауыр еңбек, адам бойындағы шыққан энергияның қайтадан қалпына келтірілмеуі және майданға кеткен жақын-туысы үшін уайым-қайғы кешу тұрғындар бойындағы күш-қуат көзін сарықты.

Қазақстан ұжымшарлары мемлекетке міндетті түрде ет өткізуге тиіс болды. Тіпті, 1939 жылға қарағанда 1943 жылы өткізілетін ет мөлшері 3-4 есе өсті. Базар нарқы өскенмен

ұжымшардағы малға беретін жем-шөптің құны соғысқа дейінгі кезеңдегі күйінде сақталып қалды: 1 кг мал азығы─7-8 тиын, картоп – 3 тиын, қойдың құны 8-11 сом боды. Мал азығы-ның құны өте арзан болғандықтан мемлекет ұжымшар өнімдерін тегін дерлік бағаға алды.

Ұжымшарлардың қоры күннен-күнге азая берді. Еңбекақының орнына кейде астықпен есеп айырысты. Қызыл Армия және қорғаныс қорына әрдайым және ерікті түрде ауыл шаруашылық өнімдерін жөнелтіп отырды.

1942 жылдың 1 қаңтарында республика еңбекшілері қорғаныс қорына 318 мың пұт астық, 78 мың пұт ет, тірі күйінде және т. б. өткізді. Қызыл Армия қорына Қазақстан ұжым-шарлары 1944 жылы 14 мың бас ірі қара мал, 94 мың қой, 2 мың шошқа жіберді [7]. Қорғаныс қорына ұжымшарлықтардың жеке шаруашы-лықтарынан азық-түлік жөнелтіліп жатты.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан ауыл-селолары азық-түлік дайындаудың негізгі көзіне айналды. Ал, тұрғындардың өзі аштықтың шегінде өмір сүрді. Мысалы, 1943 жылы Солтүстік облыстарда, 1944 жылы Ақтөбе облысында ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатты. 19421943 жж. әр адам басына күніне бір стаканнан аз дән мен бір-екі картоптан айналды. Ауыл тұрғындарына көбіне септігін тигізген өздерінің жеке шаруашылығы болды. Егер ол болмаса аштық пен қиындықтың нәтижесінде құрбан болғандар саны анағұрлым жоғары болар еді. Соғыс жылдарының ішінде егін шықпаған ауыр жыл 1943 жыл болып есептеледі, осы жылы ұжымшарлықтардың 21% малсыз қалды [8].

Ауыл-село тұрғындары өз еңбектері үшін ең аз мөлшерде еңбекақы алды немесе кейде тіпті алмады, оның бір бөлігі әскери салыққа, екінші бөлігі әскери құнды қағаздарға жазылуға бөлінді. Тұрғындар есебінен майдан мұқтаж-дығына тұтас танк колонналары, корабльдер мен әуе эскадрильялары жасақталды.

1939 жылғы санақ нәтижесі бойынша жоғарыда көрсетілгендей 6,2 млн. халықтың 4,5 миллионы ауыл тұрғындары болса, ол тұрғындардың басым бөлігі жергілікті ұлт өкілдері екенін ескеретін болсақ, Кеңес үкіметінің "керемет" жүргізген идеологиялық саясатының нәтижесінде халықтың бойындағы барлық күш қуатын соңғы көзіне дейін пайдалана алғанын көреміз.

2-ші дүние жүзілік соғыс жылдары ауыл-село тұрғындарының құрылымына үлкен өзгеріс енгізілді. Бұл И.В. Сталиннің “көрегендігімен” жүргізілген депортациямен байланысты. Ұлы Отан соғысының барысында Қазақстан территориясына көптеген халықтар жаппай күштеп көшірілді. Бұл шара соғыс алдындағы жылдары басталды. 1937 жылы Қазақстанға 95421 корей ұлтының тұрғындары қоныс аударды. Корей отбасылары Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарына қоныстандырылды. 1926 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстанда корей ұлтының 42 өкілі болса, 1939 жылғы санақтан кейін 96 мың өкілі өмір сүріп жатты [9].

1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссия КСРО-ның құрамына қосылған-дықтан ондағы поляктар басқа аймақтарға көшірілді, Қазақстанға 105 мың поляк ұлтының өкілдері қоныстандырылды. Соғыс басталған-нан кейін Қазақстанға 444005 немістер жер аударылды. 1944 жылы мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті барлық Қырым татарларын жарты Арал территориясынан көшіру туралы шешім қабылдады, мұндай шешім қабылдауға сол ұлт өкілдерінің кейбір бөлігі фашистік басқыншылармен байланыста болған деген сылтау табылды. Қырым татарларының көпшілігі Өзбек КСР-іне, қалған бөлігі Қазақстанға көшірілді, 1943 жылы желтоқсанда Қалмақ АКСР-і жойылды. Қазақстанға 2268 адам жіберілді. 1943 жылы қарашада Қарачай ұлты көшірілді, оған сылтау болған осы ұлттың кейбір өкілдерінің сатқындығы. Қазақстанға 36309 адам қоныстандырылды. 1944 жылы наурызда балқарларды осы тағдыр күтіп тұрды,

Қазақстанға 18219 адам келді 1944 жылы чечен-ингуш КСР-і жойылды, наурызда Қазақстанға 344589 чечендер мен ингуштар жер аударылды. 1944 жылы ақпаннан кейін Қызыл Армия қатарынан чечендер мен ингуш-тар босатылды, осындай 60 мың адам келді.

1942 жылы мамырда Краснодар аймағы-нан, Ростов облысы, Қырым АКСР, Армения, Азербайжан, Грузиядан 24670 гректер көшіріліп, олар Қазақстанның Солтүстік және Батыс аудандарына тұрақтады. 1944 жылы тамызда Грузиядан Қазақстанға, Қырғызстан мен Өзбекстанға түріктер, күрдтер және хемшидтер қоныстандырылды. 45516 түрік, 8694 күрд, 1385 хемшид және 29505 басқа ұлт өкілдері көшірілді. Жоғарыда аталған ұлттармен қатар болғарлар, гректер, армяндар, иран ұлтының өкілдері, кабардиндер де Қазақстанға жер аударылды.

1941 ж. 22 маусымда Германия әскерле-рі шабуыл жарияламастан Кеңес Одағына ба-сып кірді. КСРО халқы бір кісідей жұмылып, жауға тойтарыс беруге ұмтылды. Мемлекет басшысы И.В.Сталин соғыстың қарсаңында да, соғыс басталғаннан кейін де депортация-ны жалғастыра берді.

Әрине, халықтың сапасының өсуі оның санына байланысты екенін тарихшылар айтып келеді. Бірнеше дүркін қырғынға ұшыраған жергілікті ұлт өкілдері басқа ұлттармен, әсіресе славян тілдес ұлттармен толықты. Бұл сол кезең өкілдері мен олардың ұрпақтарына ауыр кезең болды. Қазақ мектептері мен балабақшала-рының жабылуы осы кезден басталды.

Кесте 3 - Қазақстан республикасындағы халықтың этникалық құрамы: [10].

Қаз.КСР

1959 ж.

1970 ж.

1979 ж.

1

2

3

4

Барлығы

9294741

13008726

14684283

қазақтар

2787309

4234166

5289349

орыстар

3972042

5521917

5991205

қала халқы

4067224

6538652

7855220

қазақтар

678531

1115299

1634796

орыстар

2343282

3818295

4426517

басқа ұлттар

516921

6683

7100

ауыл халқы

5227517

6470074

6829063

қазақтар

2108778

3118867

3654553

орыстар

1628760

1703622

1564688

басқа ұлттар

822077

2956

3533

Кестеден көріп отырғанымыздай 1959ж. жергілікті ұлт өкілдерінің санының төмен кезі және қаладағы жергілікті ұлт өкілдері бір миллионға да жетпеген. Кейінгі жылдары да жергілікті ұлт өкілдері қалалы қоныстарға аз шоғырланғанын көреміз. 1959ж. да, 1979ж. да ауыл халқының жартысынан көбі жергілікті ұлт өкілдерінен тұрған. Тарихты жасаушы халық десек, ондағы халықтың саны, көбеюі, сол мемлекеттегі ахуалға, әлеуметтік дамуға тікелей байланысты. 1960-жылдардан бастап көрініс берген ел экономикасындағы дағдарыс демографиялық дамуға да өз әсерін тигізді. 1959 жылғы санақ нәтижесінде ауыл халқының саны басым болса, 1979 жылғы санақ нәтижесінде қала халқының саны басым болғанын жоғарыдағы кестеден көруге болады. Одан кейінгі онжылдықтарда да урбандалу процесі күшті қарқынмен жүрді.

Қазақ ұлтының өз дәрежесінде тілін, дәстүр-салтын сақтап қалуы оның қайнар көзі ауыл екені белгілі. Сондықтан Қазақстанның болашақтағы дамуы бүгінгі күнгі республика-ның алдында тұрған әлеуметтік-экономика-лық, демографиялық саясаттың даму жолын анықтап, шешім қабылдауда деп білеміз.

Нәтижелер мен оларды талқылау

60-жылдардың аяғы 70-жылдардың басында қазақ отбасыларында бала санына байланысты өзгерістер болды. Ауыл әйелдерінің жас өкілдері үшін 4-5 бала, ал қалалықтар үшін 3-4 бала саны дұрыс деп есептелді. 1970-жылдары бала иеленуге деген ұмтылыс азаю жағына қарай ойысты. Мұнда атап өтуді қажет ететін бір жағдай бала иеленуге деген ұмтылыс пен шын мәнінде іс жүзінде балалы болудың арасындағы алшақтық. Сонымен қатар, өндіріс орындары-ның дамуына байланысты ауылдан қалаға миграцияның өсуінің нәтижесінде 70-жылдар-дың 2-жартысында ауыл тұрғындарының саны азайды. Негізгі ағын өнеркәсіпті поселкелерге және рудникті, шахталы, металлургиялы қалаларға, аудан орталықтарына, ірі темір жол тораптарына, ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін қалаларға жылжыды.

70-жылдардың аяғына қарай іс жүзінде қазақ отбасыларындағы бала саны бірте-бірте күткендегіден төмен болды. Күнделікті тұрмыс-тағы жағдай және бала санын белгілі бір мөл-шерден асырмау табиғи өсудің кемуіне әкелді. Бұл көрсетілген демографиялық процестер ерлер (олар көп болатын) мен әйелдердің (16-26 жастағылар) сәйкестігі жағдайында, яғни соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықтар-дағыдай ерлердің жетіспеушілігінен емес болды. 70-жылдары неке жасындағылар 18-60 жас (ерлер үшін) және 18-45 жас (әйелдер үшін)

ерлер мен әйелдердің саны шамамен тең болды. Бұл отбасын құрып, неке одағын жасауға іс жүзінде мүмкіндік болғанын білдіреді.

Этнодемографиялық дамудағы маңызды өзгеріс заңды сипатта болды. Бұл белгілі бір мөлшерде табиғи процесс, ал 1970-жылдары табиғи өсімнің төмендеуіне келсек, оның өз себептері болды. Экономикалық, әлеуметтік қиындықтардың өсуі отбасындағы үшінші және кезектегі келесі балалардың дүниеге келуін төмендетті. Бірақ бұдан кейінгі онжылдықтар-мен салыстырғанда 70-жылдардың өзі жергі-лікті ұлт өкілдерінің әлеуметтік-демография-лық дамуының кемелденген шағы болып есептеледі. Сол кезеңдегі туудың өзі тұрғындар санының жоғары өсімін қамтамасыз ете алар еді. Алайда, 70-жылдардың аяғындағы табиғи өсімнің төмендеуі болашақта Қазақстан сияқты елде еңбек ресурсын толықтырып отыратын көздердің азаюына әкеліп соғатын белгілер бой көрсете бастады. Жанұядағы бала санының азаюы оның тұрақтылығына да кері әсерін ти-гізді. Жалпы, 3-4 баласы бар отбасыларына қа-рағанда 1-2 баласы бар отбасыларында ажырасу ықтималдығы жоғары екендігі байқалды.

Ажырасудың өсуі байқалды және ажырасқан отбасыларының үлес салмағы көбейді, тұрғындардың оннан бір бөлігін құрайтын зейнеткерлік алдындағы жастағылар және зейнет жасындағылар көбейіп, тұрғын халықтың «қартаюының» алғашқы белгілері байқалды. Бірақ, бұл «кемелденген социализмді артқа тастап коммунизмге жетуге ұмтылған» кезең болғандықтан бұл әлеуметтік-тарихи процестер міндетті түрде оның демографиялық өсуіне кедергі жасап, этнодемографиялық дамуына кері әсерін тигізді.

Жалпы Қазақстан ауыл тұрғындарының санына 1960-жылдары, 60-жылдардың аяғына қарай шетелдердегі қазақтардың орала бастауы, әсіресе Қытайға кеткен қазақтардың оралуының әсері болды.

1979 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Қазақ КСР-індегі барлық халықтың саны ─ 14684 мың, осының ішінде қала халқының саны – 7920 мың, ауыл халқының саны – 6764 мың адамды құрады.

Кесте 4 - 1979 жылғы санақ мәліметтеріндегі Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамы: [11].

Барлығы - 14684 мың - 100 % (соның ішінде)

қазақтар

5289349

36,0 %

орыстар

5991205

40,8 %

немістер

900207

6,1 %

украиндар

897964

6,1%

өзбектер

263295

1,8 %

татарлар

312626

2,1 %

беларустар

181491

1,2 %

ұйғырлар

147943

1,0 %

азербайжандар

73345

0,5 %

корейлер

91984

0,6 %

Жоғарыдағы Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамы туралы мәліметтен көріп отырғанымыздай 1970 жылғы санақ мәлімет-терімен салыстырғанда Қазақстандағы барлық халық – 1833500, осының ішінде қала халқы – 1419900, ауыл халқы – 413600 адамға өсті.

1970 жылғы санақ деректеріне қарағанда қазақтар – 1055183, орыстар 469288, немістер – 42130, өзбектер – 46955, татарлар – 26937, ұйғырлар 127062, азербайжандар – 15646, корейлер – 10386 адамға өсім берген, ал украиндар – 35497, беларустар – 16784 адамға кері өсімге ұшыраған.

Жалпы, барлық ұлттармен салыстыр-ғанда біршама жоғары өсімге қол жеткізіп отырған заңды процестің нәтижесі болып есептелетін жергілікті ұлт өкілдері.

Қорытынды

Қандай мемлекет болмасын ұзақ мерзімді кезеңдерге, халық шаруашылығын дамытуға байланысты жоспарлар жасағанда, мысалы халықты азық-түлікпен, тұрғын үймен т. б. қамтамасыз етуді жоспарлағанда шамамен халықтың, тұрғындардың еңбекке қабілетті жастағы бөлігінің, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың, зейнеткер жасындағы тұлғалардың санын білу қажет. Сонымен қатар қала тұрғындары және ауыл тұрғындары өсімі немесе кері өсімі, экономика-лық аймақтар тұрғындары туралы мәлімет болуы тиіс. Осындай деректерге байланысты ұлттық қорды жан басына шаққандағы үлесті есептеу қажеттілігі шешіледі. Осы мәселелерді мемлекет өз дәрежесінде қарастырған жағдайда тұрғындардың денсаулығын сақтау, өлімді азайту, адамдардың жасының ұзақтығын қамтамасыз ету, жанұяны сақтап қалу т. б. көкейтесті түйінді мәселелерді шешуге қол жеткізері анық.

Қорыта отырып айтарымыз, 1939-1979 жылдардағы Қазақстан ауыл-село тұрғындары-ның саны мен ұлттық құрамындағы өзгерістер-дің себебі, осы кезең аралығындағы республика территориясындағы болған оқиғалармен байланысты. Депортация, эвакуация, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, урбандалу сияқты процес-тер ауыл-село тұрғындарының санына, ұлттық

құрамына әсер етті. Бұған дейін басымдық көрсетіп келген ауылдық тұрғындар 70-жылдардың ІІ жартысынан бастап қалалықтар-мен салыстырғанда азайды. Бұл дүние жүзілік дамудағы урбандалу процесімен де байланысты болды. Оқу, білім, ғылым, мәдениет, өркениет жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік жоғары болғандықтан, қала ауыл-село тұрғындары үшін ұмтылыс көзіне айналды.

Жергілікті ұлт өкілдерінің 1939-1979 жж. аралығында Қазақстан бойынша азшылықты құрауы – арнайы бағытталған саясаттың нәтижесі. Және, ең негізгісі жергілікті ұлт өкілдерінің азшылыққа айналу себебі ашық айтылмады. Мақала Кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстан тарихына байланысты дәріс оқыған кезде пайдалануға ұсынылады.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  • 1.    Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 698-қор, 14-тізбе, 102-іс, 7-п..

  • 2.    Масанов Н.Э. и др. История Казахстана: народы и культуры-. Алматы: «Дайк-Пресс» 2001.- 589 с.

  • 3.    Батырбаева Ш.Д. Достоверны ли показатели численности населения Кыргызстана и Казахстана в материалах переписей 1926, 1937 и 1939 гг? // Вестник КазНУ. - №1.- 2004.-С. 429.

  • 4.    Тәтімов М.Б. Қазақ әлемі.- Алматы: «Атамұра Қазақстан»,1993ж. -329 б.

  • 5.    Аманжолов К.Р. Қазақстан тарихының дә-рістер курсы. ІІ кітап.- Алматы: «Білім», 2004.-276 б.

  • 6.    Акышев А.К. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Очерк. –Алматы: «Дәуір»,1994.- 356 б.

  • 7.    Козыбаев М.К. и др. Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза.- Алматы:. «Дәуір».- 118 с.

  • 8.    Алексеенко А.Н. Население Казахстана 1920 – 1990 гг.- Алматы: «Ғылым», 1993. - 242 - с.

  • 9.    Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты. 708-қор, 42-тізбе. 179-іс. 23-п.

  • 10.    Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты. 698-қор, 14-тізбе, 1-іс, 90-байлам, -10 п.

  • 11.    Такижбаева Н.З. Изменение социальной и национальной структуры сельского населения Казахстана (1946-1992 гг.). Автореф. дисс. на соиск. уч. ст. д. и. н, Алматы, 1999. -33с.

Список литературы 1939-1979 жж. Аралыындаы азастанны ауыл-село трындар саны мен рамындаы згерістерді зерттеу

  • Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттiк Мұрағаты, 698-қор, 14-тiзбе, 102-iс, 7-п.
  • Масанов Н.Э. и др. История Казахстана: народы и культуры-. Алматы: «Дайк-Пресс» 2001.-589 с.
  • Батырбаева Ш.Д. Достоверны ли показатели численности населения Кыргызстана и Казахстана в материалах переписей 1926, 1937 и 1939 гг?//Вестник КазНУ. -№1.-2004.-С. 429.
  • Тәтiмов М.Б. Қазақ әлемi.-Алматы: «Атамұра Қазақстан»,1993ж. -329 б.
  • Аманжолов К.Р. Қазақстан тарихының дә-рiстер курсы. II кiтап.-Алматы: «Бiлiм», 2004.-276 б.
  • Акышев А.К. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгiнге дейiн. Очерк. -Алматы: «Дәуiр»,1994.-356 б.
  • Козыбаев М.К. и др. Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза.-Алматы:. «Дәуiр».-118 с.
  • Алексеенко А.Н. Население Казахстана 1920 -1990 гг.-Алматы: «Ғылым», 1993. -242 -с.
  • Қазақстан Республикасы Президентiнiң Мұрағаты. 708-қор, 42-тiзбе. 179-iс. 23-п.
  • Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттiк Мұрағаты. 698-қор, 14-тiзбе, 1-iс, 90-байлам, -10 п.
  • Такижбаева Н.З. Изменение социальной и национальной структуры сельского населения Казахстана (1946-1992 гг.). Автореф. дисс. на соиск. уч. ст. д. и. н, Алматы, 1999. -33с.
Еще
Статья научная