Аза хандыыны рылуыны саяси тарихы
Автор: Закирьянов А.К., Досекеева Г.А., Самалдыкова З.М.
Журнал: Вестник Алматинского технологического университета @vestnik-atu
Рубрика: Социально-гуманитарные науки
Статья в выпуске: 2 (98), 2013 года.
Бесплатный доступ
Мақалада қазақ мемлекеттігін құрудың негізгі саяси жағдайлары, сондай-ақ жер иеленудің құқықтық негіздері және құрылған алғашқы хандықтың территориялық мәселелері қарастырылады. Алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібек ру-тайпалар арасындағы маңызды алауыздықтарға қарамастан, саяси бытыраңқылықты жеңе білді. Қазақ хандарының соңынан ерген халық пен олардың мүддесі, тілектері бытыраңқылықты жойып, мемлекеттік бірлестікке біріге алу міндетін атқара алғандығы көрсетіледі. Мақалада хандықтың этникалық тарихына емес, саяси тарихына баса назар аударылады. Осы мәселемен мақаланың ғылыми жаңалығы мен өзектілігі нақтыланады.
Короткий адрес: https://sciup.org/140204994
IDR: 140204994
Текст научной статьи Аза хандыыны рылуыны саяси тарихы
Кіріспе
Орта ғасырлардағы Қазақстан аймағында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуында қазақ этносының біртұтастығын сақтап қалуындағы ұзақ даму жолында күштерді қосу, шоғырландыру үлкен рөл атқарды. Евразия халықтары мемлекеттігі жүйесінде, Орталық Азия аймағында маңызды рөл атқарған кейінгі ортағасырлардағы ірі мемлекет – Қазақ хандығы туралы жазбаша деректер нақты мағлұмат береді. ХҮ ғасырдың ортасынан ХҮІІ ғасырдың басына дейін Қазақ хандығы іс жүзінде біршама дәрежеде тұрақтылығын сақтаған біртұтас саяси ағза болды. Ол қалыптасу, өрлеу және құлау кезеңдерін басынан өткерді, ал ХҮІІ ғасырда жеке хандықтарға (жүздердің аймақтары шегінде) бөлініп кетті. Ең бастысы сыртқы саяси оқиғалардың ықпалымен хандықтың территориясы өз кескінін бірнеше рет өзгертті, алайда қазақ этносының қоныстануы әрдайым Ертіс пен Қараталдан Сырдария мен Оралға (Жайық), Алтай мен Тянь-Шаннан Каспий мен Аралға дейін қамтыды. Дегенмен, әрине ортағасырлардағы аймақтағы басқа халықтар сияқты қазақтардың этникалық және мемлекет-тік территориялары бір-біріне сәйкес келмеді.
Зерттеу нысаны мен әдістері
Өзінің әр түрлі даму кезеңдерінде ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығының территориясы сол уақыттың деректеріне қарағанда отырықшы аудандардағы, сондай-ақ Ұлы, Орта және Кіші жүздердің көшу бағыттары мен негізгі қыстаулар шекаралары, этникалық қазақтар территорияларымен салыстырғанда анағұрлым шағын болды. Зайн ад-Дин Уасифи (ХҮІ ғ.) «Бадаи-ал-уакаи» атты шығармасында Қазақ хандығының пайда болған алғашқы шекаралар аумағын, Жәнібек пен Керей хандардың соңынан ерген қазақтар орналасқан Жетісудың батысы [1] Шу және Талас жерлерін Қазақстан деп көрсетеді. «Михман-наме-йи Бұқар» еңбегі-нің авторы Зайн ад-Дин Уасифи қазақтардың көшін анағұрлым батысқа қарай орналасты-рады. Ол (Бұрындық және Қасым хандардың тұсында) қазақтар Итильден (Еділ-Волга) Сырдарияға дейін көшіп жүреді және оларды бойлай қыстайды деп жазады. Ол Сырдария мен Аралдың солтүстігіндегі ауқымды далалы аумақты мекендеушілерді маңғыттар (ноғай-лар) және өзбек-шайбанилер деп атайды. Орыс деректері бойынша – «Үлкен сызба кітабында» (ХҮІІ ғ.) «Қазақ Ордасының қонысы» Сырда-рияның орта ағысы бойында және одан солтүс-тікке қарай «600 шақырым» яғни Сарысу,
Ұлытау, Сарыарқа аудандарында орналасқан.
Қазақ хандығының жерлері туралы де-ректер мәліметтерінің қарама-қайшылығы бұл мемлекеттің дамуының әр түрлі кезеңдеріндегі билікті нығайту жолындағы күресте оның басшыларының жеңістері мен сәтсіздіктерін бейнелейді. Хандықтың билеушілері дербес сыртқы саясат жүргізді, олардың қол астындағы бағыныштылары көрші халықтармен және Орта, Орталық Азия, Ресей мемлекеттерімен бейбіт қарым-қатынас, шаруашылық-мәдени байланыс орнатты. Кейде бұл қарым-қаты-настар қысқа шапқыншылықтармен және біршама ұзаққа созылған соғыстарға байла-нысты үзіліп кетіп отырды. Шекаралық жерлер үшін күресте, әскери шаралардың барысында, рулар мен тайпалардың көші-қоны өзгеріп отырды, алайда нәтижесінде аймақтағы халық-тардың мемлекеттік және этникалық террито-риялары қалыптасты. Қазақ хандары ұзақ жылдарға созылған этносаяси, шаруашылық-мәдени дамуға әлдеқашан дайындалған жалпы қазақ жерлерін бір мемлекеттілікке біріктірді.
ХІҮ-ХҮ ғғ. жергілікті тұрғындардың мемлекеттілігінің дамуы Қазақстанның ауқым-ды территориясында бес ғасырдан аса уақыт билікті ұстап тұрған Шыңғыс ұрпақтарының қамқорлығымен, жергілікті этникалық негізде, феодалдық қарым-қатынастардың белгілі бір дамуы жағдайында, Қазақстанның оңтүстігінде шаруашылықтың, қалалардың, жер өңдеудің бірте-бірте қалпына келу жағдайында жүзеге асты. Бірақ, көптеген әртекті этносаяси ағзаларды, тайпалар мен халықтарды күшпен біріктірген монғол ұлыстарынан айырмашылы-ғы мемлекеттілік анағұрлым айқын этникалық негізде қалыптасқан халықта құрылды. Ақ Орда (Көк Орда), Әбілқайыр хандығы, Моғол-стан, Ноғай Ордасы мемлекеттерінің құрылуы, осы мемлекеттердің территорияларында қалып-тасқан басқа халықтардың, алайда солармен бірге ең негізгісі жергілікті қазақ халқының мемлекеттілігінің дамуында маңызды кезең болып табылды. Ол көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен және отырық-шы егіншілікпен айналысатын тұрғындардың шаруашылық байланысының нығаюына, ай-мақтағы эволюциялық дамуға жағдай жасады. Бұл өз кезегінде бір-біріне тілі, материалдық және рухани мәдениеті жағынан ұқсас этникалық топтардың жақын қарым-қатынасқа түсуіне ықпал етті. Бұл мемлекеттерде хандық билік құрылымында көшпелі тұрғындардың ұлыстық жүйеде өмір сүруін қамтамасыз етуде, қорғаныс күшін қаруландыруда, салық жүйесінде ұқсастықтар болды. Негізінен бұл нысандар мен құрылымдар монғол дәуірінен бастау алып, кейінгі қазақ хандығында сақ-талды. Жоғарыда айтылған мемлекеттердің саяси шеңберінде жекелеген этникалық ұжымдардың салыстырмалы түрде тұрақты өмір сүруін қамтамасыз етуі мен дамуына, Әмір Темірдің, қалмақ тайшыларының және олардың территориясына көз тіккен басқа да үміткер-лердің сыртқы басқыншылық агрессиясына ұзақ және табанды қарсылық көрсетуіне мүмкіндік берді.
Ақ Орда (Көк Орда), Әбілқайыр ханды-ғы, Моғолстан және Ноғай Ордасы аймақта этникалық біртекті феодалдық мемлекеттер-дің қалыптасуына, қазақ, ноғай, қырғыз іші-нара өзбек, ұйғыр халықтарының этникалық қауымдастығының анағұрлым тығыз шоғыр-лануына алғышарттар қалыптастырды.
Алайда, қалыптасқан қазақ халқының жекелеген бөлімдерінің бірнеше саяси мемле-кеттік құрылымдарға енуі, сондай-ақ өндір-гіш күштерді, соның ішінде адам қорын жоғалтуға, экономикалық құлдырауға, туыс-тық этникалық топтардың ыдырауына, саяси және шаруашылық байланыстардың үзілуіне әкелген Жошы ұрпақтарының рулар мен тайпалардың феодалдық билеушілерінің үз-діксіз соғыстары мен шапқыншылықтары, халықтардың шоғырлану үдерісін тежеді. Іс жүзінде әлдеқашан халық болып қалыптасқан этникалық жақын топтардың, қазақ рулары мен тайпаларының алдында саяси бытыраң-қылықты жойып, мемлекеттік бірлестікке бірігу міндеті тұрды. Бұл мәселені шешу шы-найы өмірде Қазақ хандығының құрылуына мүмкіндік туғызды.
Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу және Түркістанның (Оңтүстік Қазақстан) ауқымды аумағында Қазақ хандығының пайда болуы әлеуметтік-экономикалық және этносаяси үрдістердің заңды нәтижесі болды. ХІҮ-ХҮ ғғ. аралас экономикалы көшпелі мал шаруашылықты және отырықшы-егінші, қалалық сауда қолөнері бағытындағы шаруашылықтардың табиғи интеграция (шоғырлану) негізінде біртұтас экономикалық аумақтың қалыптасуы аймақтағы барлық жерлердің бір саяси құрылымға бірігуіне жағдай жасады. Көшпелі және отырықшы тұрғындардың экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы, этникалық қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне, ұзаққа созылған халықтың қалыптасу процесінің іс жүзінде аяқталуына
әкелді. Бұл жағдайлар тегінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының объективті себептері мен шарттары болып табылды. Жеке әлеуметтік-территориялық, мемлекеттік ұйымның, қалыптасқан ірі этноәлеуметтік қауымдастықтың бір мемлекеттілікті құруға ұмтылысы, ұлттың қалыптасу уақытына ғана емес, сонымен қатар ортағасырларға яғни бүгінгі күнгі Орталық Азия аймағындағы халықтардың қалыптасуының негізінен аяқталған уақытына сай келеді.
Қазақ халқының әртүрлі мемлекеттік бірлестіктерде бытыраңқылықты, саяси алауыздықты жеңе білуі Жәнібек пен Керейдің есімдерімен байланысты. Олардың әулеттік мүддесі, аймақтағы билік үшін басқа Шыңғыс ұрпақтарымен күрес, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының, ру ақсүйектері мен сондай-ақ қатардағы еңбекші-малшылар және еңбекші-диқандармен сәйкес келді [2]. Олар бір орталыққа шоғырланған халықтың жеке мемлекет құруға ұмтылысын бейнеледі. Бірқатар деректерде (мысалы, «Тауарих гузида-йи нусрат-нама»), шежірелерде Жәнібек пен Керей жақын туыс адамдар деп көрсетіледі. ХҮ ғасырдың 70 жж. бұл алғашқы қазақ хандары – бірігіп басқарушылардың іс-әрекеттері туралы баяндайтын деректерде, олардың қайсысы негізгі, маңызды болғанын айғақтайтын мәлімет жоқ, олардың есімдері қатаң тәртіппен жазылмайды. Олардың екеуі де, бірі Барақ ханның тікелей ұрпағы ретінде (Жәнібек), екіншісі жасының үлкендігіне орай (Керей) билік жүргізуге құқылы болды. Алайда ортағасырлардағы Қазақстан мемлекеттерінде бірте-бірте қалыптасқан хандық билікті тікелей мұралану (әкеден балаға) ұстанымымен қатар, ескі түркі-моңғолдық ұстаным бойынша руда хандық билікке құқығы басым Жәнібек сияқты Керей де хан титулына үміткер бола алды.
Қазақ хандығының құрылу барысы ХҮ ғасырдың екінші жартысында тарихи тағдырлары құлдырау мен қирауға әкелген Қазақстан территориясындағы нақты екі мемлекеттің Әбілқайыр хандығы (Көшпелі өзбектер мемлекеті) және Моғолстанның ішкі саяси жағдайымен байланысты болды. Екі мемлекетте де көшпелі ақсүйектердің экономикалық күш-қуаты артып, олардың орталыққа бағынудан бас тартып, сыртқа тебуші ұмтылыстары күшейді. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы рулар мен тайпалардың анағұрлым ықпалды көсемдері,
ғасырдың ортасына қарай Әбілқайыр (Көшпелі өзбектер мемлекетінде) мен Есен Бұғы (Моғолстанда) хандардың биліктеріне мойынсұнудан бас тарта отырып, саяси тәуелсіздікке ұмтылды немесе Шыңғыс ұрпақтарының бірінен қамқоршы іздеді.
Біртұтас мемлекет құруға және оны нығайтуға бағытталған алғашқы қазақ хандарының іс-әрекеттері қазақ рулары мен тайпаларының жетекші өкілдері тарапынан қолдау тапты, себебі олардың әрекеттері қазақ қоғамының үстемдік етуші әлеуметтік топта-рының мүддесін бейнеледі. Олардың маңызды бөлігі 40-50 жылдары-ақ Қазақстанның оңтүстік аудандарына – Қаратау жоталарына, Сырдарияның төменгі ағысы мен Түркістанның солтүстік бөлігіне Керей мен Жәнібектің төңірегіне топтасқан еді. Әбілқайыр хан даладағы өз билігін нығайту жолындағы күресте жүргенде Ақ Орда хандарының ұрпақтары Қазақстанның оңтүстігінде күшті билік құруды қамтамасыз ете алды. Оларға Әбілқайыр ханның саясатына көңілі толмаған көптеген рулар мен тайпалар ақсүйектері өздерінің қол астындағы халықтармен бірге келіп қосылып жатты.
Жәнібек пен Керей Қаратау жоталарын-дағы және Сырдария бойындағы Созақ, Сығанақ, Сауран сияқты және басқа да қалалық орталықтар мен ірі бекіністерге өз биліктерін орнатуға ұмтылды. Жәнібек пен Керейді қол-даған көшпелі рулар мен тайпалар Қазақстан-ның далалы аймақтары Әбілқайырдың қол астындағы халыққа тиесілі болғандықтан, дәстүрлі маусымдық көшу мүмкіндігінен айырылғандықтан, белгілі қиындықтарды бастан кешірді. Соңғы айтылғандар өз кезегінде әдеттегі Сырдарияның төменгі және орта ағыстарындағы қыстауларына көшу, айырбас сауда жүргізу мүмкіндіктерінен айрылды.
1446 жылы Әбілқайыр Созақ, Сығанақ, Аркөк, Үзгенд, Аққорғанды басып алғаннан кейін Шайбан ұлысы мен Орда ұлыстарының арасындағы дұшпандық қалып одан ары тереңдей түсті. Жәнібек пен Керейдің қол астындағы халық Сырдарияның төменгі ағысы мен Қаратау жоталарының шығыс бөлігіне шоғырланды. Дәстүрлі экономикалық және мәдени байланыстар, этносаяси өзара қарым-қатынастар бұзылғандықтан бұл саяси алауыз-дықтан Шайбанидің де, қазақ билеушілерінің де қол астындағылар зардап шекті. 50-жыл-дардың аяғында Әбілқайырдың қалмақтардан (ойраттардан) жеңілісінен кейін Керей мен Жәнібекке бағынышты қазақ рулары мен тайпалары одан ары қысымға ұшырады.
Нәтижелер мен оларды талқылау
ХҮ ғасырдың 20 жж. ойраттар жайылым-дар, олжа, сауда орталықтарына шығуға мүмкіндік іздеп, Жетісуға шабуыл жасай бастады. 50 жж. олар Түркістан аймағында пайда болды. 1457 жылы Әбілқайыр хан олардан жеңіліске ұшырап, ұрыс даласын тастап қашты [3]. Әбілқайыр үшін өте ауыр шарттармен бітім жасаған ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне қайтты, ал Әбілқайыр өз ұлыстарында, соның ішінде Қазақстанның оңтүстігінде оның билігіне мойынсұнбаған Жошы ұрпақтары арасында қатаң шаралармен тәртіп орнатуға кірісті. Шығыс Дешті Қыпшақ ұлыстарында жайлаған алауыздықтан және ашуға булыққан Әбілқайырдың қарақшылық ойрандары, Мо-ғолстан ханының Жетісу халқын қарақшылық қырғындардан қорғай алмауы халық бұқарасының наразылығын одан ары күшейтті.
Тоқталмайтын дерлік алауыздықтар мен соғыстар халық бұқарасының ауыр жағдайында өз бейнесін тапты. Әскери қимылдар қатардағы көшпелілерді өндіруші еңбектен қол үздірді, оларға бақытсыздық, жұт, ауру және өлім әкелді. Халық бұқарасының наразылығы ортағасырлардағы көшпелі қоғамға тән қарсы-ласу формасында – яғни өз басшыларының билігінен бас тартып, көшіп кету түрінде көрініс тапты. ХҮ ғасырдың 50 жж. аяғынан бастап он жылға жуық уақытқа созылған, осын-дай көштердің бірі Шығыс Дешті Қыпшақтан, Түркістан жазиралары мен Қаратау тау бөктерлерінен Моғолстанның территориясына, Жетісудың батысына қазақ тұрғындарының бір бөлігінің жаппай қоныс аударуы орын алды [4]. Әбілқайыр хандығы шекараларынан тыс жер-лерге кеткен рулар мен тайпаларды Жәнібек пен Керей басқарды. Бұл туралы хабар алғаш рет Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде орын алды. Махмуд бен Уәли Жәнібек пен Керей Әбілқайырға бағынудан бас тартты, өздерінің бұл әрекет-терін Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке Ақ Орда хандарының ұрпақтарының құқығын қамтамасыз ететін, даладағы билікті Шыңғыс ұрпақтарының мұралану дәстүрімен негіздеді деп атап көрсетеді.
Наразы тұрғындардың шетке қашуы же-келеген жағдай емес, ол көптеген жылдар бойы орын алғанын дерек мәліметтері айғақтайды. Әсіресе, ол 1468 жылы Әбілқайырдың қаза-сынан [5] және оның мемлекеті құлағаннан кейін күшейді: «[Қазақ хандары] ол жақта рақаттанып жатқанда Өзбек ұлысында «Әбіл-
қайыр ханның өлімінен кейін кері кетушілік орын алды [онда] үлкен алауыздық басталды. [Оның бағыныштыларының] үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек хандарға көшіп келді, олардың жанында [жиналған] [адамдар] саны екі жүз мыңға жетті». Халық бұқарасының бұл әрекетімен топтарға бөлініп кеткен, соның ішін-де жетісулық қазақтардың да болашақтағы бір мемлекетке бірігуінің бастамасы қалыптасты.
Қазақ хандығы алғашқы уақытта Батыс Жетісу территорияларын, Шу және Талас аңғарларын иеленді. Ол Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан орын ауыстырған қазақ рулары мен тайпаларын, сондай-ақ жергіліктілерді біріктірді. Моғолстан билеушісі Есен Бұғыда жылжып келе жатқан қазақтарды тоқтататын нақты күш болған жоқ. Ол Әбілқайыр, Темір ұрпақтарының территориялық талаптарынан, қалмақ шап-қыншылықтарынан Моғолстан шекарала-рының қауіпсіздігін осылардың көмегімен қамтамасыз ету мақсатында қазақ басшыларымен одақ құрды. 1462 жылы Есен Бұғының қазасынан кейін Моғолстанда шын мәнінде толық өкіметсіздік орнады. Осындай жағдайда Жетісуда Қазақ хандығының пайда болуы мен нығаюы заңды шара еді. Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) сәйкес деп көрсетеді.
ХҮ ғасырдың кейінгі онжылдықтары – ХҮІ ғасырдың басында Қазақ хандығы экономикалық жағынан күшейді және қазақтардың этникалық территорияларының негізгі бөліктерін қосып алып аумағы кеңейді. Қазақ хандығының нығаюы ХҮ ғасырдың соңғы онжылдықтарындағы соғыстарға, өзара тартыстар мен тұрғындардың қазақстандық-ортаазиялық аймақтардағы ірілі-ұсақты көші-қондарға толы күрделі жағдайда жүзеге асты. Шығыс Дешті Қыпшақта тарихи сахнадан Шайбани Әбілқайыр ханның хандығы жойылды; ХҮ ғасырдың аяғы ХҮІ ғасырдың басында көшпелі өзбектердің басшысы Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанимен Мауереннахр үшін шешуші күресте билікті жоғалтқан Темір ұрпақтары мемлекетінің әскери және саяси күш-қуаты келмеске кетті; Моғолстан іс жүзінде бірнеше феодалдық иеліктерге ыдырап кетті. Алтын Орданың біржола құлауының нәтижесінде қазақ даласының солтүстігі мен батысына қарай жаңа мемлекеттер – Сібір, Қазан, Астрахан хандықтары бөлініп шықты.
Қорытынды
Әбілқайырдың қазасынан кейін қазақ хандары бірден даладағы билік үшін күреске араласып кетті. Олардың негізгі қарсыластары Әбілқайыр ханның мұрагерлері оның ұлы Шайх-Хайдар және немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд-сұлтандар болды. Одақтастары олардың ежелден келе жатқан жақтастары Ахмет хан (Тоқай Темірдің ұрпақтары), 60-жылдары Батыс Сібір аймағындағы үлкен бөліктің билігін басып алған Шайбани Ибақ хан, маңғыт (ноғай) мырзалары. Әбілқайырдың ұлы қаза болғаннан кейін оның немерелері Түркістанға қашты, онда Темір ұрпағы Мұхаммед Мазид-тарханның өкілінен көмек алды. Жас мемлекеттің бола-шақтағы тағдыры, бір мемлекеттің этникалық территориясында тұратын, қазақ халқының құрамына енген, көптеген туыс-тайпа топта-рының саяси бірігу мүмкіндігін анықтаған, ХҮ ғасырдың соңғы үштен бір бөлігінде Қазақ хандығының тарихындағы негізгі оқиғалар нақ осы аймақта шешімін тапты.
Батыс Жетісудағы қазақ хандарының иеліктеріне жақын Сырдария маңы және Қаратау аудандары болды. Жәнібек пен Керей хандар ең алдымен олар үшін мұраға қалдырылған осы жерлер, соның ішінде Созақ, Сығанақ және басқа қалалар үшін құқықтарын бекітіп алуға күш салды. Алайда, Жошы ұрпақтары – хандардың күресі Шығыс Дешті Қыпшақтағы далалы аудандардағы билік үшін емес, экономикалық және қорғаныс қабілетіндегі мәніне қарай Түркістан аймағы үшін болды. Сырдария маңындағы қалалар далалы аудандар тұрғындары үшін маңызды сауда-экономикалық байланыс орталықтары; өз заманында артықшылыққа ие болған бекіністері бар және ұзаққа созылатын қоршап алуларға төтеп бере алатын еді. Әдетте олар Қазақстан территориясындағы бұған дейінгі мемлекеттік құрылымдардың әкімшілік-саяси орталықтары болған. Сырдарияның төменгі және орта ағысындағы жерлер қазақ көшпелі тайпалары үшін аса құнды қысқы жайылымдар ретінде қажеттілік еді. Алайда бұл жайылым-дарды осы аймақтағы негізгі тірек Түркістан және Қаратау қала-бекіністеріне үстемдік құрғаннан кейін ғана пайдалануға болатын.
Қорыта келе айтарымыз, алғаш құрылған кезде шағын аумақты иеленген қазақ хандығы болып жатқан әр түрлі саяси оқиғаларға байланысты бірде әлсіреді, бірде нығайды, территориясы кейде ұлғайып, кейде азайып отырғанмен, қуантарлығы сол – кейбір көрші мемлекеттер сияқты тарих сахнасынан жойылып кетпеді, өмір сүруін тоқтатқан жоқ.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
-
1. Акышев А.К., Асылбеков М.Х., Байпақов К.М., Қасымбаев Ж.Қ., Қозыбаев М.Қ. Қазақстан тарихы. Очерктер. –Алматы: «Дәуір», 1994. -116 б.
-
2. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан летопись трех тысячелетий. –Алматы:
-
3. ХV-ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. – Алматы: «Дәуір», 1999. -143-144 бб.
-
4. Елеуұлы М.. Шу өңірі: аңыз бен тарих. //ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 3-шығуы, Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 1996. -7 б.
-
5. XV–XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. –Алматы: «Дәуір», 1999. -171 б.
«Рауан», 1992. -232 с.
Список литературы Аза хандыыны рылуыны саяси тарихы
- Акышев А.К., Асылбеков М.Х., Байпақов К.М., Қасымбаев Ж.Қ., Қозыбаев М.Қ. Қазақстан тарихы. Очерктер. -Алматы: «Дәуiр», 1994. -116 б.
- Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казах-стан летопись трех тысячелетий. -Алматы: «Рауан», 1992. -232 с.
- ХV-ХVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. -Алматы: «Дәуiр», 1999. -143-144 бб.
- Елеуұлы М. Шу өңiрi: аңыз бен тарих.//ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 3-шығуы, Алматы, «Қазақ университетi» баспасы, 1996. -7 б.
- XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. -Алматы: «Дәуiр», 1999. -171 б.