Азастанны орта асыр ламаларыны идеялы кзарастары

Автор: Закирьянов А.К., Алдекен А.С.

Журнал: Вестник Алматинского технологического университета @vestnik-atu

Рубрика: Инновации в образовании

Статья в выпуске: 5 (95), 2012 года.

Бесплатный доступ

Мақалада Қазақстанның орта ғасырлық ойшылдарының идеялық көзқарастары ортағасырлық қоғамдық даму тарихының контексінде қарастырылған. Сондай-ақ Ж.Баласағұн, М. Қашқари мен Қожа Ахмет Яссауидің еңбектері ортағасырлық нақты тарихи жағдайда және олардың қол жеткізген ғылыми нәтижелері арқылы герменевтикалық әдіс негізінде талданды. Осымен мақаланың ғылыми жаңалығы мен өзектілігі нақтыланады.

Короткий адрес: https://sciup.org/140204965

IDR: 140204965

Текст научной статьи Азастанны орта асыр ламаларыны идеялы кзарастары

Кіріспе

Мақалада Ж.Баласағұн, М. Қашқари мен Қожа Ахмет Яссауидің ғылыми көзқарастары зерттеледі. Ж.Баласағұн, М. Қашқари мен Қожа Ахмет Яссауидің ғылыми көзқарастары зерттелген. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастаны, М. Қашқаридің көне түркі тілдерінің алғаш түсіндірме сөздігі «Диуани лұғат ат-түрк» және Қожа Ахмет Яссауидің ислам дінін уағыздайтын «Дана-лық кітабы» орта ғасырлардағы бүкіл түркі әлемінде құнды шығармалар болып табыла-тыны сөзсіз. Ғұлама ойшылдардың еңбектері рухани тазалыққа, имандылыққа, хақ жолына адалдыққа, ақыл-парасаттылыққа, дін ереже-лерін меңгеруге, мейірімділікке, қанағаттыққа шақырады. Ұлы ғұламалардың ғибратты еңбектері қанша уақыт өтсе де өз құнды-лықтарын жоғалтар емес.

Зерттеу нысаны мен әдістері

«Құтты білік» дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан – ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатымен Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң қызметін атқарған. Жүсіп Баласағұн дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мәселені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам

– ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы «хас хажиб», яғни бас уәзір міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уәзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаың айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. «Құтты білікте» елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен, жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы, түс жори білетін, музыкаға қабілетті көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет. Ақын сөзімен айтқанда, «елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта – бүтін ел болсын!» - дейді. Дастанда осылайша елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдік-этикалық талаптар сипатталып көрсетілген. Кезінде «Құтты білік» дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – «Айнак ул-мамлакат» («Мемлекет тәртібі»), екіншісінде – «Панунаман мулук» («Әкімдерге насхат»), үшіншісінде – «Адаб ул-мулук» («Әкімдердің әдептілігі») деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі «Құтты білік» дастаны негізінен мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратын әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-даулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеуметтік рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртінші, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгурмүш бейнесі арқылы әңгіме болады [1]. Орта ғасырлық Шығыс ойлылдарына тән үйлесім - танымды көркем және ғылыми әдістермен және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Жүсіп Баласағұн ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығармашылығында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің билік философиясы мұраттарын баяндайды. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» өмір мәні пайымдалып, жалпы адамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Жүсіп Баласағұн ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағұнның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеуметтік филосо-фиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, «Құтты біліктің» төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Жүсіп Баласағұн дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесілімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Жүсіп Баласағұн жалпыға ортақ парасаттың таңымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Жүсіп Баласағұнның ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеуметтік тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттармен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады. Жүсіп Баласағұн өзінің әлеуметтік философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік – білік, оның іс жүзіндегі көрінісі -укуш деп біледі ол. Жүсіп Баласағұн өзінің еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. «Құтты білікте» ол ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен кабілеттері мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. «Құтты біліктің» негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбымен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы «өзіңді сақтау», «өзіңді ұмытпау», қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағыттылған [2,3].

М. Қашқари (XI ғ.) – ортағасырлық Шығыс ғалымдарының ішіндегі жарқын жұлдыздарының бірі, ұлы түркі филологы, ақын, әрі тарихшы. Ол көне түркі тілдерінің алғаш түсіндірме сөздігін «Диуани лұғат ат-түрк» - «Біртұтас түрік тілдерінің сөздігін» жазған. Бұл еңбек көне түркі филологиясы бойынша бізге жеткен жалғыз тұтас еңбек қана емес, сонымен бірге көне түркі филологиясының озық туындысы, көне тілдер қалпын терең зерттеумен қатар, сол дәуір тайпалары өмірінің энциклопедиясы, халық даналығының нағыз қазынасы. Кітапта көптеген өлеңдер, халық әндері, мақал-мәтелдер, жұмбақ, аңыздар мен ертегілер, сонымен қатар тарихи деректер келтірілген. «Диуани лұғат ат-түрк» оқырмандарға көне және ортағасырлар дәуіріндегі түркілердің

өмірі, астрономия, география, медицина, математика саласындағы білімі туралы мәлімет береді. М. Қашқари көне түрік тілін ғылыми тұрғыда зерттеп, оның жергілікті ерекшелігін бір-бірімен салыстырған, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған алғашқы тілші ғалым, философ, саяхатшы, этнограф. Махмұт Қашқар қаласында білім алған, сондықтан оны басқа Шығыс ғалымдары Қашқарлық Махмұт ретінде атаған. Ол Қашқар қаласымен шектеліп қалмай, Самарқанд, Бұқара, Нишапур, Мерв пен Бағдатта білім алуды жалғастырды. Ол өзінің сөздігіне қажетті материалдар жинақтау үшін көптеген түркі рулары мен тайпаларының тілі мен ауыз әдебиеті үлгілерін, тарихы мен дәстүрі, этнографиясын зерттеді. Осы мақсатпен Қашқар, Жетісу, Хорезм, Мәуереннахр жерлеріне саяхат жасады, тіпті түркілер Аттила (Еділ) жорығынан кейін қалып қойған Рим жеріне дейін барды, филологиялық мәліметтердің құнды қазынасын жиыстырып, өзі құрастырған сөздігіне өңдеп енгізді [5].

«Диуани лұғат ат-түрк» - барлық түркі тілдес халықтардың ортақ рухани мұрасы. Сөздікте бар-жоғы 6000 сөз берілген, бұл сөздер түркі тілдес халықтардың көпшілігіне түсінікті. Кітапқа енген халық ауыз әдебиеті нұсқаулары, екі жүзден астам өлеңдер, қысқаша новеллалар, мақалдар мен мәтелдер көне түркі тілінің қалпы туралы неғұрлым толық түсінік қалыптастырып, сол кезеңдегі сөзжасам тәсілдері, сөйлем құрау принциптері туралы тың мәліметтерге бай. Осылайша, бұл кітап көне түркі әдебиеті бойынша әлемге әйгілі алғаш хрестосматия болып табылады. «Диуани лұғат ат-түрк» ортағасырлық түркі халықтары ой-санасының ғажайып ескерткіші, біздің көшпенді бабаларымыздың мәдениетінің айғағы болып табылатын құнды қазына.

Қожа Ахмет Яссауи – көрнекті орта ғасыр ақыны, діни қызметкер, сопылық ілімнің негізін қалаушы, тірі кезінің өзінде-ақ әулие болып саналған діни философ Сайрам (Испиджаб) қаласында туған. Нақта туған жылы белгісіз. Аңыз бойынша Ахметтің рухани жетекшісі мен тәрбиешісі әйгілі шейх Арыстан-баб. Ұстазы қайтыс болған соң, Ахмет Яссауи Бұқарға көшіп кетеді. Онда әйгілі шейх Қожа Жүсіп Хамаданидан дәріс алып, өзі де діндар ұстаз болып, «шындықты таныту жолын» үйрету құқығына ие болады. Бірқатар уақыт бойы Бұқара сопылары

қоғамының басшысы болады, бірақ сенімі оны Ясы қаласына әкеледі. Ол мұнда діндарлық қызметін кеңінен жүргізіеді. Ясы қаласы XVI ғ. бастап Түркістан болып аталған. Ясыдан шыққан Қожа Ахметтің аты бүкіл мұсылман әлеміне кең тарады. Оны қарапайым адамдар қадір тұтқаны соншалық, оның қайырымды болуға, сараңдық пен екіжүзділікке қарсы дәрушілік философиясын құрған өлеңдері дала халықтары арасында кеңінен танымал басқа жерлерге таратты. «Даналық кітабы» - «Диуани хикмет» ислам дінін уағыздайтын, осы уақытқа дейін мұсылман заңдарын әлі толық сіңіріп бітпеген қарапайым халыққа бұл діннің мәні мен мағынасын түсіндіреді. Бұл кездеде түркі тайпалары тәңірлік дінді ұстанатын еді [4]. Араб-парсы тілдерінде жазылған кітаптар дала халықтарына түсініксіз болатын. Даналық кітабы арқылы халықтар ислам әлемімен, сопылық ағымның ой пікірімен танысты. Адамның рухани өмірінің таза болуы, ақиқатты іздеп табуды, ізгілік адамгершілікке шақыруы арқылы әділдіктен үлкен ештеңе жоғын айтады. Сондықтан Қожа Ахмет өз өлеңдерін түркілер, дала халықтары сөйлейтін – оғыз қыпшақ тілінде жазды. «Даналық кітабының» негізгі тақырыбы төртеу, біріншісі шариғат деп аталатын ислам заңдары мен дәстүрлерінің жиынтығы, екіншісі – тарихат, философиялық ілім ретіндегі сопылықтың идеялық мәні мен мақсаты, үшіншісі – марифат, бір ғана құдайдың діні ретінде исламды зерттеумен танудың қажеттілігі, төртіншісі – хақиқат, құдайды тану мен оған шынайы жақындауға ұмтылу. Аңыз бойынша құдайға шын сенген адамға бұл дүниеде ұзақ өмір сүрудің керегі жоқ, сондықтан Қожа Ахмет 63 жасқа жеткен соң мешіт жанындағы жерасты қылуетке түсіп, өмірінің қалған уақытын сонда өткізді. Жер астында Мұхаммед әулиенің нағыз шәкірті тағы да 63 жыл өмір сүрді деседі. Жерасты қызмет жанында оның көптеген шәкірттері, сонымен бірге отбасыда бірге өмір сүрген. 1116ж. өлген соң, ол әулие ретінде, арнайы тұрғызылған мавзолейге барлық сән-салтанатымен көмілді, кейініректе бұл жер мұсылмандардың зиярат ететін қасиетті жеріне айналды. XIV ғ. монгол шапқыншылығынан кейінгі қираған қалалар қалпына келтіріле бастады, соның ішінде Ясы қаласы да, онда жерлеген Қожа Ахметтің қызы Гаухар мен күйеу баласы Әли Қожа,

Баба-Араб мешіті және басқа да көптеген ортағасырлық ескерткіштер қайта жаңғырды [6]. Қожа Ахмет кесенесі зиярат етушілерінің көптеген сыйлары мен таратуларының арқасында сол уақыттың ең бай кесенелерінің біріне айналды. Әмір Темір бұл киелі жерлерді өзінше қастерледі. 1935 ж. Тоқта-мысты жеңген соң, жеңіс құрметін ескерген Ахмет Яссауи кесенесінің орнына үлкен ғажайып мемориалды кешен тұрғызады. Бұл ескерткіш әлі күнге дейін біздерді орта-ғасырлық архитектураның ғажайып туын-дысы ретінде тамсандырып келеді. Ғұлама ақын адамдарды рухани тазалыққа, имандылыққа, хақ жолына адалдыққа, өмір бойы жете түсуге, дін ережелерін меңгеруге, мейірімділікке, қанағаттыққа шақырады.

Нәтижелері мен ескерілуі керек мәселелер:

Ортағасыр ойшылдарының көзқарастары халықтың әлеуметтік мақсаттарын ғана емес, қарапайым адамның да мақсаттарын қорғайды. Олардың еңбектері Қазақстан тарихын зерттейтін кез-келген адамға маңызы зор. Сондықтан, келешек ұрпақты ғұламалардың ғылыми еңбектерін оқып, оны ары қарай дамытуға жол ашуымыз керек. Егемен елдің келешегі жарқын болуы үшін – жастардың бойына имандылықты ұялату біздің борышымыз. Ұлы ғұламалардың ғибрат-ты еңбектері қанша уақыт өтсе де өз құндылықтарын жоғалтар емес. Бұл туындылар өскелең ұрпақ тарихты, тарихи шығармаларды, оқып, зерделеп болашаққа бастайтын жолдарының кеңесші жол көрсетушісі ретінде пайдалана алатын құнды еңбек екені сөзсіз.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  • 1.    Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анық-тамалық. – Алматы: «Аруна ltd» ЖШС. – 105 б.

  • 2.    Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақ-стан Республикасы Білім, мәдениет және ден-саулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998. – 509 б.

  • 3.    Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна ltd» ЖШС, 2010. -115 б.

  • 4.    Қазақстан тарихы (көне заманнан күні бүгінге дейін) Бес томдық. 2-том 2. – Алматы, – 2010. – 597б.

  • 5.    Кашкари М. Словарь единого тюркского языка. В трех томах, Алматы, 1997.

  • 6.    Яссауи Кожа Ахмет. Диуани Хикмет. – Алматы, 1993. – 26 б.

Список литературы Азастанны орта асыр ламаларыны идеялы кзарастары

  • Қазақ әдебиетi. Энциклопедиялық анық-тамалық. -Алматы: «Аруна ltd» ЖШС. -105 б.
  • Қазақ тiлi. Энциклопедия. Алматы: Қазақ-стан Республикасы Бiлiм, мәдениет және ден-саулық сақтау министрлiгi, Қазақстан даму институты, 1998. -509 б.
  • Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. -Алматы: «Аруна ltd» ЖШС, 2010. -115 б.
  • Қазақстан тарихы (көне заманнан күнi бүгiнге дейiн) Бес томдық. 2-том 2. -Алматы, -2010. -597б.
  • Кашкари М. Словарь единого тюркского языка. В трех томах, Алматы, 1997.
  • Яссауи Кожа Ахмет. Диуани Хикмет. -Алматы, 1993. -26 б.
Статья научная